Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруда индустрияландыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің айтуынша, өндірісті дамыту мен тұрақты жұмыс орындарын құру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетіктерінің бірі. Осы бағытта Кентау қаласында да ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Қала әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, қазіргі таңда Кентау қаласында жалпы құны 234,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған өндіріс орындары толық іске қосылған кезде 1 768 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Қаланың индустриялық әлеуетін дамыту мақсатында Кентау аумағында Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінде Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, нәтижесінде 310 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Биыл аталған аймақта тағы 8 млрд теңгеге 4 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 430 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал, Индустриалды аймақта өткен жылы 2,7 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 184 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын тағы 3 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 150 жаңа жұмыс орны құрылады.
Қалада жүзеге асырылып жатқан ірі өндірістік жобалардың қатарында заманауи кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, Арнайы экономикалық аймақта интернет желілеріне қажетті оптикалық кабель өндіретін «KENTAU CABLE INDUSTRIES» ЖШС-нің зауыты салынып жатыр. Жоба құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылған кезде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтарын құрастыратын «ELECTROCORE» ЖШС-нің өндіріс орны да жұмысын бастамақ. Құны 1 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 60 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын «TURAN SHENHUA» ЖШС-нің тоңазытқыш шығаратын зауыт жобасы өңірдегі ірі өндірістік бастамалардың бірі саналады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Индустриалды аймақта да бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде темір торлар, құрылыс блоктары және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін зауыттар бар. Бұл жобалар құрылыс индустриясының дамуына серпін беріп, жергілікті өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік жасайды.
Қала әкімінің мәліметінше, Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де оң динамика көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 101,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 117,5 пайызға артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33,8 млрд теңгені құраса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 59 млрд теңгеге жеткен.
Кентауда туризм саласын дамыту бағытында да жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, қала аумағында екі қонақ үй кешенін салу жоспарланған. Сонымен бірге Хантағы ауылында жеңіл конструкциялы «Khantau» глэмпинг демалыс аймағы ашылмақ. Бұдан бөлек, биыл «Қаратау» қорығы аумағында құны 150 млн теңгені құрайтын туристерге қызмет көрсететін «Визит орталығы» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, Кентау қаласында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты өсуіне негіз болмақ.



