Мемлекет басшысы елді мекендерді дамытуда ең алдымен инфрақұрылымды жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен, газбен және жол қатынасымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін үнемі айтып келеді. Президенттің айтуынша, өңірлердің дамуы тікелей әлеуметтік жағдайдың жақсаруымен және инженерлік инфрақұрылымның сапасымен өлшенеді. Осы бағытта Сайрам ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Аудан әкімі Мадияр Оразалиевтың айтуынша, инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп, былтыр ауыз су, газ, электр және жол салаларына қомақты қаржы бөлінген. Қазіргі таңда Сайрам ауданының елді мекендерінің 92,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстары мен жаңа көпірлердің салынуы көлік қатынасының жақсаруына және ауылдар арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етіп отыр.
Әлеуметтік салада да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегіндегі мәселені шешу мақсатында Қарасу ауылында жаңа шағынауданның құрылысы қолға алынған. Қазіргі таңда 57 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Жоба аясында 5 қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімдігі ғимараты және бірқатар әлеуметтік нысандар салынбақ.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да жаңа нысандар пайдалануға берілген. Сонымен қатар, қолданыстағы әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылу үстінде. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жұмыспен қамту бағытында да оң динамика байқалады. Жүргізілген әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Аудан әкімі алдағы жылдары да Сайрам ауданында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Өңірдің даму бағыты тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге және тұрақты өсімді қамтамасыз етуге негізделіп отыр.



