Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру үшін инфрақұрылым саласын дамыту маңызды міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында сапалы жол ел экономикасының дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі кепілі екенін айтып, өңірлердегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырған еді.
Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да қарқынды жүзеге асырылып келеді. Ауданда 2026 жылы жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп, елді мекендердегі ішкі көшелер мен ауданаралық бағыттарды жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Жалпы биыл аудан көлемінде ұзындығы 37,8 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар тұрғындардың көлік қатынасын жақсартуға, шалғай елді мекендердің байланысын нығайтуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округінде жалпы ұзындығы 4,4 шақырымды қамтитын 5 көшеге жаңа жол салынады. Қазіргі таңда мұнда дайындық және құрылыс жұмыстары басталып, арнайы техникалар жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Көлкент ауылдық округіндегі «Қожақорған–Ханқорған–Көлкент» бағытында 8,9 шақырым жол құрылысы жүргізіледі. Бұл бағыт жергілікті тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдар арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланысты арттыруға мүмкіндік береді. Ал, Қарасу ауылдық округінде «Қарасу–Ақбастау–Шымкент қаласының шекарасы» бағытындағы 8,4 шақырым жол жаңартылмақ. Аталған жол тұрғындар үшін маңызды қатынас бағыты саналады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, жол сапасы едәуір жақсарады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Қайнарбұлақ ауылдық округінде «Құрлық–Асанбаев көшесі–М-32» бағытында 3,6 шақырым және «Қасымбек датқа–Тоған–Сарыарық» бағытында 12,5 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл жобалар ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың қатынас қолайлылығын арттыруға септігін тигізеді.
Қазіргі таңда Көлкент, Жібек жолы және Қарасу ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Мердігер мекемелер тарапынан жолдың ескі қабатын тазалау, жер тегістеу, негіз дайындау және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Құрылыс сапасы мен мерзімінде аяқталуы тиісті сала мамандарының тұрақты бақылауында болады.
Сонымен қатар, Манкент ауылдық округі мен Құтарыс ауылындағы бірқатар көшелерге қатысты жобалар 2026–2027 жылдарға өтпелі ретінде жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстар ауданның жол инфрақұрылымын толықтай жаңғыртуға бағытталған кешенді жоспар аясында іске асырылып отыр. Инфрақұрылым саласына бағытталған мұндай ауқымды жұмыстар ауданның дамуына жаңа серпін беріп, халық игілігіне қызмет етпек.



