Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен кәсіпкерліктің өркендеуімен тікелей байланысты екенін айтқан болатын. Осы бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылып, өндіріс орындарының әлеуетін арттыруға басымдық берілуде.
Жақында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Асылан Ибадуллаев Келес ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдегі өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты. Іссапар барысында кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Сапар аясында палата директоры «НУРБОЛАТ» өндірістік кооперативі жүргізіп жатқан емхана құрылысының барысымен танысты. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары жалғасып жатқанымен, жоба әлі толық аяқталмаған. Кәсіпорын өкілдері құрылыс барысы мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, денсаулық сақтау саласына қажетті нысанның өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өндірісті қаржыландыру, инженерлік инфрақұрылым жүргізу және мемлекеттік қолдау шараларына қатысты өзекті мәселелерін көтерді. Өз кезегінде Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстар мен мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, тиісті қолдау тетіктері қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында палата директоры “Nur Tex” брендімен өнім шығаратын шұлық өндіріс цехының жұмысымен де танысты. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген өндіріс орны бүгінде ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді.
Өндіріс орнының басты ерекшелігі – сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару. Мұнда отандық нарық сұранысына сай өнім өндіруге ерекше көңіл бөлінген. Кәсіпорын басшылығы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да үлес қосып келеді.



