Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елді мекендердегі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сапасын арттырудағы негізгі басым бағыттардың бірі екенін атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде ішкі көшелер мен ауданаралық жолдарды жөндеу, көлік қатынасын жақсарту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Айталық, бүгінле Жетісай ауданында осы бағытта ауқымды жол жөндеу жұмыстары қолға алынған. Аудан әкімі Серік Мамытов елді мекендер мен ауданаралық жолдардың жағдайымен арнайы танысып, құрылыс барысын бақылап шықты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі жөнделетін нысандарды алдын ала анықтап, асфальт сапасына қатаң бақылау жүргізіп отыр. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жолдардың ұзақ мерзімді сапасын қамтамасыз ету және тұрғындар үшін қауіпсіз қозғалыс жағдайын жасау.
Жетісай қаласында жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын Қ.Омаршаев, А.Қалыбеков және С.Жәштаев көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жол негізін дайындау және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Жобаны мамыр айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын М.Жұмабаев, Ш.Айманов, Рудаки, Д.Нұрпеисова, Ш.Уәлиханов, Ақан сері, Ә.Қашаубаев және Қостөбе көшелерін жөндеуге қаржы қарастырылған. Бұл көшелерде де инфрақұрылымды жаңарту, жол жабынын жаңарту және көлік қозғалысын реттеу жұмыстары жүргізілмек.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Ш.Құдайбердиев, С.Сейфуллин, Оспанов, Малдыбеков және Сүгір көшелерін жөндеу жұмыстары да жоспарға енгізілген. Аталған көшелер кезең-кезеңімен жаңартылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ. Жол сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар барысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол мердігер ұйымдардың жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, барлық жобаларды белгіленген мерзімде және сапалы түрде аяқтауды міндеттеді.
Түйіндей келгенде Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан жол инфрақұрылымын жаңарту жобалары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, көлік қатынасын жеңілдетуге және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.



