Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайтынын атап өткен болатын. Президент мемлекет бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бюрократияны азайтуға және жеке бастамаларды ынталандыруға мүдделі екенін жеткізген еді. Бұл бағыттағы қолдау ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруаларға да серпін беруде.
Бүгінде Сарыағаш ауданында көктемгі дала жұмыстарының нәтижесі көрініс бере бастады. Ауданда ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін жинау науқаны басталып, диқандар еңбегінің жемісін көруде.
Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, ашық егіс алқаптарындағы жиын-терім жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы жергілікті шаруалардың еңбегіне жоғары баға беріп, көктемгі науқанның барысын бақылады.
Сапар барысында аудан әкімі «Мухаммеджан» шаруақожалығының иесі Срайыл Бадалов өсірген қырыққабат өнімін көріп, шаруаның еңбегіне табыс тіледі. Аталған шаруақожалық жыл сайын 0,25 гектар жерге қырыққабат егіп, шамамен 15 тонна өнім алады. Шаруашылықта жерді тиімді пайдалану, су үнемдеу және өнім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ерте пісетін көкөніс түрлері жергілікті нарықпен қатар өзге өңірлерге де жөнелтіледі.
Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округінің диқандары ерте пісетін қырыққабатты жинап, өнімді еліміздің солтүстік аймақтарына жөнелтуде. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге және маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, Сарыағаш ауданының табиғи-климаттық ерекшелігі ерте пісетін ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қолайлы. Сондықтан өңір шаруалары жыл сайын көкөніс өнімдерін ерте нарыққа шығарып, жоғары сұранысқа ие болып келеді.
Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен шаруалардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде өңірдің аграрлық әлеуеті артып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсара түсуде.



