Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту, жолдардың сапасын арттыру және шалғай ауылдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Шардара ауданында қолға алынған. Қазіргі таңда ауданда «Жаушықұм–Қалғансыр» бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа жол Жаушықұм мен Қалғансыр елді мекендерін өзара байланыстырып, тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жақында аудан әкімі Арман Қарсыбаев нысан басына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жол құрылысының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екенін атап өтті.
Жобаның жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайды. 2025 жылы құрылыстың алғашқы кезеңі аясында жолдың негізін дайындау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, су өткізгіш құрылғылары орнатылып, темір-бетон құбырлары төселген. Бұл жұмыстар жолдың сапасын арттырып, табиғи жағдайларға төзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі басталып, қазіргі таңда асфальт төсеу мен жол жиегін ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Мамандардың айтуынша, жоба мамыр айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жолдың іске қосылуы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарға қатынау жеңілдеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға қолайлы жағдай қалыптасады.
Мамандардың пікірінше, мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Жол сапасының жақсаруы кәсіпкерлік пен сауда-саттықтың дамуына да ықпал етіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік жасайды.



