Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірлерде ауыл шаруашылығын индустрияландыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Айталық, бүгінде Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды халықаралық жоба «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенін жүзеге асыруда. Келес ауданы аумағында салынып жатқан заманауи кешен Қазақстандағы ғана емес, Еуропадағы ең ірі жабық агроөндірістік нысандардың біріне айналмақ.
Ауқымды мега-жоба өңірдің ғана емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығын жаңа индустриялық деңгейге көтеруге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама ретінде бағалануда. Жобаның негізгі бағыты – экологиялық таза қызанақ өндіру. Кешенді ресми іске қосу биылғы тамыз айына жоспарланған. Алғашқы кезеңнің өзінде 51 гектардан астам аумақта 27 мың тонна өнім өндірілген. Жоба толық жүзеге асқанда жылыжай алқабы 500 гектарға дейін ұлғайтылып, 2030 жылы кешен толық қуатына шығуы көзделіп отыр. Сол кезде жылына 240 мың тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланған. Бұл көлем ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыруды Қазақстанның Даму банкі қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым толық тартылған. Кешен электр энергиясы, табиғи газ және сумен толық қамтамасыз етілген.
Жылыжай кешені Нидерландтан жеткізілетін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Температураны реттеу, суару, жарықтандыру және өсімдіктерді қоректендіру жұмыстары цифрлық басқару жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, су ресурстарын үнемді пайдалануға мүмкіндік бермек. Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндірістің тиімділігін де едәуір көтереді. Бұл өз кезегінде халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жол ашады.
Жоба аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кешен толық қуатына шыққанда тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны одан әрі арта түседі. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға және ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа да бағытталмақ. Негізгі экспорттық бағыт ретінде Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс аймақтары белгіленген. Бұл Қазақстанның жылыжай өнімдері нарығындағы позициясын күшейтіп, өңірлік көшбасшылар қатарына қосылуына мүмкіндік береді.
Жобаның серіктесі – жылыжай көкөністерін өндіру саласындағы халықаралық ірі компаниялардың бірі – ЭКО-культура агрохолдингі. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, қоймалар және өндірістік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жалғасуда. Бірқатар негізгі техникалық нысандар пайдалануға берілген.



