Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында импортқа тәуелділікті азайту, экспорттық әлеуеті жоғары өндірістерді дамыту және аграрлық саланы индустрияландыру міндеттерін нақты айқындап берген болатын. Мұндай ірі жобалар Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Солардың бірі ретінде халықаралық деңгейдегі «Ecoculture-Eurasia» жобасын айтуға болады. Бұл ауқымды бастама Келес ауданы аумағында жүзеге асырылып, Қазақстандағы ғана емес, Еуропадағы ең ірі жабық агроөндірістік кешендердің біріне айналмақ.
Жобаның негізгі бағыты – экологиялық таза қызанақ өндіру. Кешеннің ресми іске қосылуы тамыз айына жоспарланған. Алғашқы кезеңнің өзінде 51 гектардан астам аумақта 27 мың тонна өнім жиналып үлгерген. Жоба толық қуатына шыққан жағдайда жылыжай аумағы 500 гектарға дейін кеңейтіледі деп күтілуде.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай кешен жылына 240 мың тоннаға дейін өнім өндіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл көрсеткіш ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға жол ашады.
Ауқымды инвестициялық жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда. Жобаның жалпы инвестициялық құны 42 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкі қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, барлық қажетті инфрақұрылым тартылған. Кешен электр энергиясы, газ және сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл өндірістің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жылыжай кешені Нидерланд елінен жеткізілетін заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталады. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған жүйеге негізделген: температураны реттеу, суару, жарықтандыру және өсімдіктерді қоректендіру цифрлық басқару арқылы жүзеге асырылады.
Жоба аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кешен толық қуатына шыққан кезде тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны бұдан да арта түседі. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды оқыту, біліктілігін арттыру және жаңа технологияларды меңгертуге ерекше көңіл бөлінуде.



