Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Президент атап өткендей, тазалық пен табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті әрі қоғам мәдениетінің маңызды көрсеткіші.
Қазығұрт ауданында «Жасыл болашақ» акциясы шеңберінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 10 мың адам жұмылдырылды.
Акция барысында Қазығұрт ауыл округіндегі Орталық саябақ пен Сарапхана ауыл округіндегі Мәңгілік Ел саябағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Тазалық шараларына 20 бірлік арнайы техника тартылып, аудан аумағындағы 1000 гектардан астам жер тазартылды. Нәтижесінде, 20 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындар мен саябақтар ретке келтіріліп, қоршаған ортаның көркін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылды.
Іс-шара аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстарының барысымен танысып, тазалық жұмыстарына белсенді қатысты. Аудан басшысы 1000 ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақта ұйымдастырылған суретшілер көрмесін тамашалады. Бұдан кейін аудан әкімі Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын көрді. Жауапты мамандарға тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар ауданның көркеюіне ғана емес, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді. Әсіресе жастардың белсенділігі қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді.



