Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірінде кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жобаға айналды.
Сауран ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Жалпы аудан бойынша өткен сенбілікке 10 200-ге жуық адам қатысып, ортақ іске белсене атсалысты. Тазалық жұмыстарына 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 80 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Аталған шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер, 12 ауылдық округтің тұрғындары, еріктілер мен түрлі сала мамандары бір кісідей жұмылып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, арық-атыздар ретке келтірілді. Сонымен бірге ағаш түптері әктеліп, жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және жасыл желектердің сақталуына ықпал етті.



