Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді көгалдандыру және санитарлық тазалықты жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, өңірлердің көркеюіне серпін беріп отыр.
Созақ ауданында «Жасыл болашақ» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Игі бастамаға барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің тікелей бақылауымен атқарылды. Ол аудан орталығындағы ішкі көшелер мен саябақтарды аралап, абаттандыру және жасыл желекті көбейту жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ аудан басшысы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына барып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін зерделеді. Қазіргі таңда бұл аумақта көшеттерді күтіп-баптау, суару, тыңайтқыш беру және қосымша ағаш отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Сенбілік барысында Шолаққорған ауылы 5 секторға бөлініп, 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілді. Әр секторда тазалық жұмыстары қарқынды атқарылып, күл-қоқыс шығарылып, қоғамдық аумақтар толық ретке келтірілді. Сонымен қатар, көше бойындағы ағаштардың түптері әктеліп, санитарлық тазалық шаралары жүргізілді. Жалпы сенбілікке 5 мыңға жуық адам мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 1000 түпке жуық тал көшеті отырғызылды.



