Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ел тұрғындарын сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент өңірлерді дамытуға бағытталған ұлттық жобалар аясында халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамту міндетін жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Бүгінде осы міндеттерді іске асыру мақсатында еліміздің барлық аймақтарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, жақында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев аудан көлемінде ауызсу сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында бірнеше елді мекендегі ауызсу нысандарын аралап, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың жүзеге асу деңгейін зерделеді.
Алдымен аудан басшысы Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында болды. Бүгінде мұнда ауызсу жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 15 тонналық су сақтау багы орнатылып, нысан аумағы толық қоршауға алынған. Сонымен қатар ұзындығы 1 шақырым 200 метр болатын 110 миллиметрлік құбыр тартылып, 15 құдық қойылған. Су жүйесіне есептегіш құралдары мен қажетті техникалық құрылғылар жаңадан орнатылып, халық игілігіне берілген.
Ауызсу сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар Балықты ауылдық округіне қарасты Көкбұлақ ауылында да қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі жаңадан салынған су алу нысанының жұмысымен танысып, ондағы атқарылған жұмыстарды көрді. Мұнда нысан аумағы толық қоршалып, су сақтау багтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі іске қосылған. Жаңа шағын қызметтік ғимарат салынып, аумақ түгелдей қоршауға алынған.
Машат ауылдық округінің Қызылбастау ауылында да ауызсу инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Елді мекенде жаңа скважина қазылып, 205 метр аумақ қоршалған. Су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізіліп, 110 миллиметрлік құбыр арқылы 7 шақырымға абоненттік желі тартылған. Сонымен бірге, қажетті құдықтар орнатылып, су өлшеуіш құрылғылар қойылған.
Ал, Машат ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында ауызсу сапасын арттыру мақсатында су мұнарасы орнатылып, құдықтар қойылған. Сондай-ақ, су сорғысы іске қосылып, 800 метр аумаққа су құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда қолданыстағы жүйеге қосу жұмыстары жүргізіліп, нысан аумағы толық қоршауға алынған.
Келтемашат ауылдық округіне қарасты Жиынбай ауылында да тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Аудан басшысы арнайы барып, қазіргі таңда ауыл тұрғындарының өз ағысымен келетін 200 метрлік құбыр арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп отырғанын көрді.
Сонымен қатар, Даубаба ауылында 27 тұрғын үйге сапалы ауызсу тартылған. Жоба аясында ұзындығы 3 шақырым болатын, диаметрі 110 миллиметрлік құбыр жүргізіліп, су бастау көзі қоршауға алынған. Бұдан бөлек, 25 тонналық су сақтау багы орнатылып, ауызсу жүйесі толық іске қосылған.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Асқар Естібаев ауызсу нысандарының қауіпсіздігі мен сапасына ерекше назар аударды. Осыған байланысты су бастау көздерінің айналасын көгалдандыру, ағаш отырғызу және бейнебақылау жүйелерін орталықтандырылған бақылауға көшіру жөнінде «Тұраркент су» мекемесінің басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы айтқанда, аудан көлемінде қолға алынған мұндай жүйелі жұмыстар – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.



