Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірімізде жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өндіріс және санитарлық инфрақұрылым нысандарын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Түлкібас ауданында ел игілігіне бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жұмыс сапары барысында Рысқұлов ауылдық округінде болып, бірқатар инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен танысты. Алдымен аудан басшысы Шұқырбұлақ ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда елді мекендегі Астана, Көктем, Ахмет би және Шоқан Уәлиханов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын көшелерге бюджет есебінен қаржы бөлініп, асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Жауапты мамандардың айтуынша, жол құрылысы алдағы 10 күн ішінде толық аяқталады деп жоспарланған. Аудан әкімі Асқар Естібаев мердігер мекеме өкілдеріне ең алдымен сапаға басымдық беріп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы Састөбе кентіндегі қоқыс полигонының жұмысымен танысты. Бүгінде полигонды санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аталған мақсатқа бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып, қазіргі таңда қоқысты сұрыптау қоймасы салынып, ауыз су мен электр желісі тартылған.
Мамандардың мәліметінше, маусым айының соңына дейін полигонға қажетті құрылғылар орнатылып, нысан толық іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Балықты ауылдық округіндегі қызметтік пәтерлерді де аралап көрді. Нысандарды тексеру кезінде бірқатар ақаулықтар анықталып, оларды жедел түрде қалпына келтіру тапсырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне кәріз жүйесін ретке келтіру, ғимараттардың сыртқы келбетін жаңарту және қажетті косметикалық жұмыстарды жүргізу міндеттелді.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Балықты ауылында салынып жатқан өндірістік парк құрылысының барысымен де танысты. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатқанымен, атқарылатын жұмыстардың әлі де жеткілікті екені айтылды.
Осыған байланысты аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандарға ауыз су жүйесін жедел аяқтауды, өндірістік парк аумағын толық қоршауды, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді және парк атауы жазылған арнайы тақтайша орнатуды тапсырды.
Қорыта айтқанда, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, елді мекендердің келбетін жаңғыртуға және өңір экономикасының дамуына оң ықпал етпек.



