Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, әсіресе жол сапасын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент өз сөзінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін ең алдымен өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Соның бірі ретінде Арыс қаласына қарасты Қаражантақ елді мекенінде қолға алынған жол жөндеу жұмыстарын айтуға болады. Аталған елді мекендегі 6,6 шақырымдық аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталып, бүгінде тиісті техника мен мамандар жұмылдырылған.
Бұл мәселе бұған дейін қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тұрғындармен өткізген кездесуі барысында көтерілген болатын. Қаражантақ ауылының тұрғындары ауылға кіреберіс жолдың әбден тозып, қатынасқа қолайсыз болып қалғанын айтып, жолды қалпына келтіру жөнінде өтініш білдірген еді. Әсіресе, көктемгі және күзгі маусымдарда жолдың жағдайы қиындап, тұрғындардың қатынауына едәуір қолайсыздық туғызған.
Тұрғындардың талап-тілегі назардан тыс қалмай, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жол жөндеу жұмыстары жедел ұйымдастырылды. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жолдың ескі қабатын тегістеу, негізін нығайту және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жоба толық аяқталған жағдайда ауыл тұрғындарының аудан орталығына және көршілес елді мекендерге қатынауы айтарлықтай жеңілдейді деп күтілуде.
Жалпы, Арыс қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 93 пайызды құрап отыр. Мамандар бұл соңғы жылдары атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін айтады.
Мәліметке сүйенсек, қала аумағындағы облыстық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 288 шақырымды құрайды. Ал, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 56,7 шақырым болса, ішкі көшелер мен жолдардың жалпы ұзындығы 423 шақырымға жетеді. Бұл көрсеткіштер өңірдегі көлік қатынасының ауқымын аңғартады.
Жол – ел экономикасының күретамыры. Сондықтан, инфрақұрылымды дамыту, ауыл мен қала арасындағы байланысты жақсарту – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты алғышарттарының бірі. Осы орайда Қаражантақ елді мекеніндегі жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың көптен күткен мәселесін шешіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететінін айта кету керек.



