Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде тұрғындарды табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауыл-аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берілуде.
Осы бағыттағы игі жұмыстар Ордабасы ауданында да жүйелі түрде жалғасып келеді. Ауданға қарасты Төрткүл ауыл округіндегі Жайылма ауылы табиғи газбен қамтылып, тұрғындар көптен күткен көгілдір отын игілігіне қол жеткізді. Қазіргі таңда ауылдағы 60 абонент табиғи газ жүйесіне қосылған.
Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, мердігер мекеме – «Евро-Құрылыс» ЖШС өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Іс-шара барысында аудан басшысы Азат Оралбаев ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, бұл бастама елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарды табиғи газбен қамту халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, экологиялық ахуалды оңалтуға да мүмкіндік береді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, көптен күткен игіліктің жүзеге асуына ықпал еткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ауыл ақсақалдары мұндай жұмыстардың ауылдың дамуына тың серпін беретінін айтып, ел игілігі жолындағы бастамаларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Жайылма ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жобасының нәтижесінде Ордабасы ауданы бойынша газдандыру деңгейі артып, қамту көрсеткіші 77,2 пайызға жетті. Бұл аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Бүгінде өңірде инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік желілерді дамыту және ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Мұндай жобалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етуде.



