Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президент өз Жолдауларында кәсіпкерлікті қолдау экономиканың тұрақты өсімінің негізгі тетігі екенін атап өтіп, өндірістік секторды кеңейту мен жергілікті өнім үлесін арттырудың маңызын бірнеше рет айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мәселен, Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында нақты нәтижелер байқалуда. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Жетісай қаласындағы жаңа өндірістік нысандардың бірінде болды.
Жақында қала аумағында «Жасурбек строй» жеке кәсіпкерлік негізінде жұмыс істейтін сымтемір өңдейтін шағын цех іске қосылған. Кәсіпорын темір сымнан тоқылған қоршауларды өндірумен айналысады. Өндіріс биыл наурыз айында кәсіпкердің жеке инвестициялық қаржысы есебінен жолға қойылған.
Цехтың өндірістік қуаттылығы күніне 1500 погон метр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шикізат Шымкент қаласынан жеткізіледі. Бүгінде өндірісте 2 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын негізінен жергілікті тұрғындар мен құрылыс компанияларының тапсырыстарын орындап отыр. Цех басшысы Жасурбек Сабиров алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіп аясын кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі кәсіпкермен кездесу барысында өңдеу өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік қолдау тетіктері, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жеңілдіктер мен өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру бағыттары бойынша түсіндірме беріп, пікір алмасты. Сонымен қатар, жергілікті бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты талқыланды.



