Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында инфрақұрылымды дамыту, әсіресе жол сапасын жақсарту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент атап өткендей, сапалы жол – халық қауіпсіздігінің, экономикалық дамудың және өңірлік өркендеудің негізгі кепілі.
Бүгінде Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары аудан аумағында ішкі және ауданаралық автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерге тас төсеу және асфальттау жұмыстары айтарлықтай жандана түскен.
Осы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов арнайы зерделеу жүргізді. Аудан басшысы ең алдымен ішкі жолдарға төселетін асфальт сапасына, оның құрамына, қалыңдығына, жолдың ені мен ұзындығының талапқа сәйкестігіне баса назар аудару қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты негізі.
Бақылау барысында аудан әкімі әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Жетісай қаласындағы Шәкәрім көшесі бойынша орта жөндеу жұмыстарының дайындық барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын көшеде қызыл сызыққа заңсыз салынған нысандардың иелерімен және автотұрақ қызметін көрсетіп отырған азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесуде жол сапасын бақылау мен тексеру жұмыстары ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ішкі көшелерде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Бұдан кейін аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекенінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда ұзындығы 1 шақырым болатын Көрікті көшесі және 800 метрлік Шойын көшесі бойынша орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына көлік және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін орнатуды тапсырды.



