Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Президент бастамасы тұрғындарды тазалыққа, табиғатты аялауға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға үндейтін маңызды экологиялық қозғалысқа айналды.
Осы орайда, Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы Шәміл-Дүр саябағы аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілік барысында саябақ аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, жас көшеттер егілді. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу, арам шөптерді шабу, қоқыстарды жинау және саябақ аумағын ретке келтіру жұмыстары толық қамтылды.
Тазалық шарасына ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға да ықпал етеді.
Сондай-ақ, экологиялық акция барысында тұрғындар арасында тазалық сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және жасыл желекті көбейту бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейте түседі.



