Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының басты тіректерінің бірі – отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу екенін үнемі атап келеді. Президент айқындаған міндеттерге сәйкес, елімізде индустриялық аймақтарды дамыту және қайта өңдеу саласын күшейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Сарыағаш ауданында тағы бір маңызды өндірістік жоба жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорын іске қосылды. Ауданның Дарбаза ауылдық округіндегі индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өсімдік майын өндіру зауыты салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ауыл ақсақалдарымен бірге кәсіпорынның лентасын қиып, жаңа өндіріс ошағының жұмысын ресми түрде іске қосты. Іс-шара барысында аудан басшысы мұндай инвестициялық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңыздылығына тоқталды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.
Индустриялық аймақ аумағынан жалпы көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген зауыт заманауи технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Өндіріс орнында тәулігіне 50 тонна өсімдік майы және 65 тонна мал азығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады.
Кәсіпорын басшысы Абдулбосид Мамадалиев өндіріс барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, зауытта өндірілген өнімді ішкі нарықпен қатар, алдағы уақытта Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау көзделіп отыр.



