Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруда инвестиция тарту мен инфрақұрылымды дамытудың маңызына ерекше тоқталып келеді. Президент өз Жолдауларында аймақтардың тұрақты дамуы үшін халықаралық серіктестікті нығайтып, шетелдік инвесторлармен бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі жалғасын тауып, өңірде әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Соның бірі – Түркістан қаласындағы 570 орындық заманауи көпбейінді аурухана құрылысы.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық YDA Holding компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесу өткізді. Басқосуда аталған аурухананың құрылысын толық аяқтау, өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Түркістанды дамытуға Түркия тарапынан тартылған инвестициялар мен бірлескен жобалардың елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Мәртебелі меймандар Түркістанның дамуын және іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Түркістан бүгінде түркі әлемін байланыстыратын алтын көпірге айналып отыр. Бұл ретте YDA Holding компаниясының қысқа мерзімде халықаралық әуежайды салып бергенін ерекше атап өткен жөн. Сол әуежай арқылы бес мемлекеттің басшысы тарихи шаһарымызға келді. Қазіргі таңда сіздермен бірлесіп 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларына инвестиция салуға шақырамын. Әріптестікті жалғастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетіне, инфрақұрылымдық жобаларға және туризм саласын дамыту бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтып, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Хусейн Арслан Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін білдірді.
– Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өзінің тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен қаланың бұрынғы келбетін де, бүгінгі жаңарған бейнесін де көрдім. Шаһардың даму қарқыны ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейдегі емдеу мекемесі болады деп сенемін, – деді ол.
Айта кетейік, Түркістандағы көпбейінді аурухана құрылысына 15,6 гектар жер телімі бөлініп, 2020 жылдың мамыр айында республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда нысан құрылысы 86 пайызға аяқталған. Жобаны сатып алу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында келісім жасалған. Заманауи аурухана іске қосылғаннан кейін өңір медицинасын дамытуға оң серпін береді деп күтілуде.



