Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым әлеуметтік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде атап өтіп келеді. Түркістан облысында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Айталық, биыл Түлкібас ауданында барлық елді мекендерді толықтай таза ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынған. Аудан әкімі Асқар Естібаев бірқатар ауылдардағы ауыз су жүйелерінің жай-күйімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстарды Тұраркент Су мекемесі жүзеге асыруда. Мамандардың айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту және жаңа желілер тарту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Атап айтқанда, Жабағылы ауылдық округінда 10 жылдан бері пайдаланылып келген кәріз жүйесіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ауыз су құбыры тартылып, 12 құдық орнатылған. Ал Күмісбастау ауылдық округінда 2 шақырымнан астам ауыз су желісі жүргізіліп, жаңа құбырлар орнатылды. Сонымен қатар, Кемербастау ауылында ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталып, мамыр айының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Ал, Көктерек ауылында ауыз су жүйесін тарту жұмыстары толық аяқталып, 1 маусымға дейін іске қосу көзделіп отыр.
Жоба толық жүзеге асқанда ауданның барлық елді мекендері сапалы ауыз сумен қамтылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарады. Сондай-ақ, бұл бастама ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту мен өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін береді.



