Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызын үнемі атап келеді. Президент Жолдауларында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі заң аясында жауап беру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі жалғасуда.
Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Ашық әкімдік» кеңсесінде өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындар негізінен спорт, жұмыспен қамту және мәдениет саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, азаматтардың бірі белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың 80 жылдығына орай шығармашылық кеш ұйымдастыруды ұсынса, енді бірі жұмысқа орналасуға қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар ата-ана құқығынан айыру мәселесіне қатысты өтініштер де қаралды.
Алматы қаласынан онлайн байланыс арқылы қатысқан азамат өз кітаптарын кітапханалар қорына сатып алу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Ашық форматта өткен қабылдауда облыс әкімінің орынбасары тұрғындар көтерген әрбір мәселені мұқият тыңдап, оларды заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.