Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алып, заманауи технологияларды меңгеруімен қатар, еңбекке бейім әрі бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осы бағыттағы игі бастамалар Келес ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ауданның Біртілек елді мекенінде орналасқан №66 жалпы білім беретін мектебі жанынан салынған заманауи жылыжай алғашқы өнімін берді. Бүгінде жылыжайда қызанақ, қияр, баялды, аскөк және болгар бұрышы өсірілуде. Ерекше атап өтерлігі, көкөніс өнімдерін оқушылар өз қолдарымен егіп, күнделікті баптау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жоба аясында білім алушылар өсімдік өсірудің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алуда. Мектеп парламентінің мүшелері мен STEM кабинетіндегі жас зерттеушілер арнайы тұқымдарды іріктеп, сапалы көшеттер дайындауға белсенді қатысады.
Ұстаздардың жетекшілігімен жылыжайда заманауи агротехнологиялар қолданылып, тамшылатып суғару жүйесі іске қосылған. Бұл өз кезегінде оқушылардың ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығын арттырып, ғылыми-зерттеу бағытындағы қабілеттерін дамытуға жол ашуда.
Мектеп ұжымының айтуынша, алдағы уақытта жылыжай көлемін кеңейтіп, қызғалдақ гүлдері мен құлпынай өсіру жоспарланып отыр. Мұндай жобалар оқушылардың еңбекке баулып қана қоймай, кәсіптік бағдар беру ісіне де оң ықпал етуде.



