Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр жылдардағы Жолдауларында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, ауылдық аумақтарды дамыту және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне баса мән береді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар бүгінде Ордабасы ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауыл округінде халықпен кездесуінде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен таныстырып, алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңда елді мекенде инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылып жатыр.
Солардың бірі – Шұбарсу ауылын табиғи газбен толық қамту жұмыстары. Қазіргі таңда газ құрылысының үшінші және төртінші кезеңдері бойынша жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Атап айтқанда, газ тіреуіштері мен құбырларын орнату жұмыстары жүргізіліп, сырлау кезеңі де аяқталуға жақын.
— Шұбарсу ауылын толық табиғи газбен қамту биылғы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр, — деді Азат Оралбаев.
Табиғи газдың келуі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық ахуалды жақсартуға және әлеуметтік жағдайдың көтерілуіне оң ықпал етпек. Кездесу барысында ауызсу мәселесі мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да кеңінен қозғалды. Мәліметке сәйкес, ауылішілік көшелердің жалпы ұзындығы 394 шақырымды құрайды. Соның ішінде 2022–2025 жылдар аралығында 179 шақырым жолға тас төселген.
Алдағы жоспарларға сәйкес, 2026 жылы тағы 16 шақырым жолға тас төселіп, қосымша 12 шақырым көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылы 15 шақырым жолға асфальт жабындысы төселсе, 2026 жылы тағы 15 шақырым жолды асфальттау көзделіп отыр. Бұл жұмыстар ауылішілік жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2026 жылға арналған жоспар аясында ауылда бірқатар әлеуметтік және абаттандыру жобалары жүзеге аспақ. Атап айтқанда, 3 балалар ойын алаңшасын және 1 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Сонымен бірге Қалметов көшесіне аллея жасалып, Қонаев көшесін кеңейту және абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Сондай-ақ Шымкент–Самара тас жолы бойынан арнайы демалыс аймағын салу көзделуде. Бұл жоба ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен жол бойындағы жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



