Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланы дамыту мен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын. Бүгінде Түркістан облысында ветеринария саласының инфрақұрылымын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, биыл Жетісай ауданында бірқатар ветеринариялық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда қажетті жер телімдеріне қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толық аяқталған.
Аудан әкімі Серік Мамытов салынып жатқан ветеринариялық нысандардың құрылыс барысын арнайы бақылап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өңір басшысы салаға жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, нысандар заманауи талаптарға сай әрі сапалы салынуы тиіс.
Жоспарға сәйкес, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен шілде айының соңына дейін 1 ветеринарлық станция мен 9 ветеринарлық пункттің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, ұсақ малдарды шомылдыруға арналған 9 арнайы бассейн мен 2 мал өлекселерін тастайтын орын салу көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл нысандар мал арасында түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға, ветеринариялық қызмет сапасын арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі артады.
Қорыта айтқанда, Жетісай ауданында мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Жаңа ветеринариялық нысандардың іске қосылуы өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.



