Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және ауылдық жерлерде өндірістік жобаларды дамыту ел экономикасын әртараптандырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Осы бағыттағы бастамалар Сауран ауданында да қарқынды жүзеге асырылуда.
Ауданға қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ шығаратын өндіріс орнын салу бойынша келісім жасалды.
Осыған орай, ЖК «TRK Trade» директоры Жарқынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді іске асыру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Іс-шараға Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Аудан әкімі мұндай өндірістік жобалар жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді. Сондай-ақ, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті өндірістің дамуына серпін беретіні айтылды.
Жоба толық іске қосылған жағдайда жаңа өндіріс орнында жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары ашылып, отандық азық-түлік өнімдерінің нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік бермек.



