Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарға ерекше басымдық беріп келеді. Бүгінде халқы тығыз орналасқан әрі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі Жетісай ауданында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Жер емген диқандар заман талабына сай технологияларды пайдаланып, өнім көлемін арттырып жатса, кәсіпкерлер жаңа өндіріс орындарын ашуға ден қойып келеді. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, инвесторлар тарту бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Өткен жылы жалпы құны 6,6 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 288 жаңа жұмыс орны ашылған.
Қазіргі таңда аудан аумағында тағы 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер бөлініп, «Жетісай» индустриалды аймағы құрылған. Бүгінде индустриалды аймақ толық инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған.
Сонымен қатар, Асықата кентінен 5 гектар жер резервке алынып, өндірістік парк құрылуда. Қазіргі таңда мұнда бес ғимараттың құрылысы аяқталып, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілуде. Бұл жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жетісай ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданда 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы бір жерден екі рет өнім алу жобасын жүзеге асырған.
Су үнемдеу технологияларын енгізу де басты назарда. Өткен жылы 5 646 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында мемлекеттік қолдаулар арқылы 215 дана жаңа техника сатып алынған.
Қазіргі таңда бұл салада «KAZ-KIOTI», «Altyn Kun Group», «NOSER», «BNK GROUP» компанияларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Ал Мақталы ауылдық округінде машина-трактор стансасы ашылып, мемлекет тарапынан кәсіпкерге қажетті қолдаулар көрсетілген.
Құрылыс саласында да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, «Келешек мектептері» жобасы аясында ауданда 3 мектеп салынған. Сонымен қатар, жаңа буынды дамыту орталығының, Алтын кемер елді мекенінде 200 орынды және Мырзашөл елді мекенінде 400 орынды мектептің құрылысы жалғасып жатыр.
Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда 240 тұрғын баспанамен қамтылған. 2021 жылдан бері тоқтап тұрған 140 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау қолға алынған. Қазіргі таңда 20 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған.
Сонымен бірге, Жетісай қаласының аумағын кеңейту үшін бөлінген 80 гектар жер телімінде жеке инвестор есебінен 32 пәтерлі екі кредиттік тұрғын үй салынған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да маңызды жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама шеңберінде 25 елді мекенде 12 жобаны жүзеге асыруға 1,7 млрд теңге бөлінген. Қаражат негізінен жол жөндеу және мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына бағытталған.
Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар. Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газ жүйесіне қосылған. Келер жылы аудан толықтай көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауданның барлық елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесімен және электр қуатымен қамтылған.
Денсаулық сақтау саласында бүгінде аудан тұрғындарына 69 медицина мекемесі қызмет көрсетеді. Ал, мәдениет саласында өткен жылы үш мәдениет үйінің құрылысы басталып, тағы үш нысан күрделі жөндеуден өткізілуде.
Жалпы, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр.



