Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр жылдардағы Жолдауларында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамасы қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде кең ауқымды ағаш отырғызу, қалаларды абаттандыру және жасыл аймақтарды көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бағыттағы игі істер киелі Түркістан шаһарында да қарқынды жалғасып келеді.
Бүгінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық ретінде ғана емес, жасыл желекке бөленген заманауи әрі көрікті қала ретінде де танылып келеді. Қаланың әр көшесі мен қоғамдық орындары гүлге оранып, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Осыған байланысты Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысына арналған арнайы жиын өткізді. Басқосуда шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желек қорын көбейту, егілген ағаштар мен гүлдердің күтімі және оларды сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында қала басшысы көгалдандыру жұмыстары тек қаланың көркін арттыру үшін ғана емес, келешек ұрпаққа таза ауа мен жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастырудың маңызды негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір егілген көшеттің сақталуы мен сапалы күтім көріп, толық жерсінуі басты назарда болуы қажеттігін жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша жалпы саны 2 миллион 8 мың 900 дана маусымдық гүл отырғызылған. Қала көшелері мен саябақтарында сәндік сәлбен, барқытгүл, бәйшешек шафран, айдаргүл, сәндік қалақай және петуния секілді түрлі-түсті гүлдер жайқалып тұр. Әсіресе, орталық көшелер мен демалыс аймақтарындағы гүлзарлар шаһардың ажарын айрықша аша түскен.
Көктемнен басталған көгалдандыру жұмыстары нәтижесінде Түркістанның келбеті айтарлықтай өзгеріп келеді. Түрлі түске боялған гүлдер қала тұрғындары мен туристерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, шаһардың эстетикалық тартымдылығын арттыра түсті. Бұл өз кезегінде Түркістанның туристік әлеуетін нығайтуға да оң ықпал етуде.
Сонымен қатар, қала аумағында 17 мың 202 дана ағаш пен 27 мың 888 дана бұта егілді. Бұдан бөлек, 24 мың 589 шаршы метр аумаққа көгал төселген. Егілген ағаштардың қатарында қарағай, көгілдір шырша, туя, арша, қызыл үйеңкі, катальпа, шаған және сәндік алхоры секілді өңір климатына бейімделген түрлер бар.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар тек сәндік мақсатты көздемейді. Жасыл желек қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауаның сапасын жақсартуға және жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың әсерін азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, тұрғындарға көлеңкелі, жайлы демалыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жасыл аймақтарды күтіп-баптау ісі де тұрақты бақылауға алынған. Қазіргі таңда арнайы 10 су тасымалдаушы техника мен 50-ге жуық қызметкер күнделікті жұмыс атқаруда. Егілген гүлдер мен көшеттердің толық жерсініп, жайқалып өсуі үшін арнайы дәрілеу, минералды тыңайтқыштар беру және агротехникалық күтім шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қыркүйек айына дейін үздіксіз жалғасады.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты сала мамандарына көгалдандыру жұмыстарының сапасын күшейтіп, әрбір көшеттің сақталуына ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, абаттандыру ісінде тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру қажеттігі айтылды.



