– Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет, – деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл бастама бүгінде ел өңірлерінде нақты жүзеге асып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға тың серпін беруде.
Осы бағыттағы маңызды жиындардың бірі жуырда Түлкібас ауданында өтті. «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен депутаттық фракция мүшелері мен партиялық бақылау комиссиясының қатысуымен бірлескен мәжіліс ұйымдастырылып, онда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланды.
Жиын «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында өткізілді. Басқосуда аудан көлемінде «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы, ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері сөз болды.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай, аудандық филиал төрағасы Ержан Жүнісов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Өтепбай Мәткерімов, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сарсенбаев, «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған «Ырыс» микроқаржы ұйымының басшысы Мұхит Мамытұлы 2023–2026 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданында және жалпы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бөлінген қаржыны игеру көрсеткіші бойынша Түлкібас ауданы облыстағы үздік үш ауданның қатарынан көрініп отыр.
Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауылдағы табыс көздерінің көбеюіне және халықтың тұрмыс сапасының артуына оң әсер етуде.
Жиын барысында ауыл әкімдері, кәсіпкерлер және кәсіп ашуға ниетті тұрғындар бағдарламаға қатысты өз сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Әсіресе жеңілдетілген несие алу тетіктері, кооперативтер құру, мал және егін шаруашылығын дамыту бағытындағы мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, басқосуда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де айрықша назар аударылды. BNK Group ЖШС менеджері Сабит Сапарбек жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологияларының тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, заманауи су үнемдеу технологиялары суды барынша тиімді пайдалануға, топырақтың тозуын азайтуға әрі өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандар мұндай технологиялардың, әсіресе, су тапшылығы байқалатын аймақтар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл тәсілдер ауыл шаруашылығы саласындағы шығындарды азайтып, өнім сапасын жақсартуға да ықпал етеді.
Жиында жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланып, алдағы міндеттер де айқындалды. Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл экономикасын жандандырып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тиімді бастамалардың бірі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, табысын арттыруға мүмкіндік алып отыр. Бұл өз кезегінде елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ауылдың әлеуетін арттыра түсуде.



