Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және аграрлық саланы қолдау мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осыған сәйкес Ордабасы ауданында да тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын айтады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және газдандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шұбар ауылындағы су арналарының жағдайын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, «Қозыке» каналының 6 шақырымы мен «Бағлан» каналының 3 шақырымы механикалық тазалаудан өткен. Бұл жұмыстар су өткізу қабілетін арттырып, егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар, «Аққойлы» каналының бас су тоспасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан басшысының айтуынша, биыл «Шұбар-Қайшылы» және «Аққойлы» каналдарын механикалық тазалау жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар өңірдегі суармалы жерлердің тиімділігін арттырып, шаруалардың еңбек өнімділігін көбейтуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Шұбар ауылындағы Сағырбаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Тоқсансай ауылына баратын жол жөндеуден өткен.
Бұдан бөлек, төрт ауылдағы жалпы ұзындығы 3,6 шақырым көшеге демеушілер есебінен тас төсеу жұмыстары толық аяқталған. Бұл ауылішілік жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып отыр.
Газдандыру саласында да оң өзгерістер бар. Атап айтқанда, Аққойлы ауылында табиғи газ жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Көгілдір отынның келуі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді.
Аудан басшысы Азат Оралбаев алдағы уақытта да тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.



