Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту және ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асып, елді мекендерде жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Соның бірі – Бәйдібек ауданындағы Теректі ауылында салынып жатқан жабық үлгідегі модульдік спорт зал.
Жуырда Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаев Теректі елді мекенінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен арнайы танысты. Аталған нысан ауыл тұрғындарының, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Жаңа спорт кешені жабық үлгіде салынып жатқандықтан, ауыл жастары жылдың төрт мезгілінде де дене шынықтырумен және түрлі спорт түрлерімен еркін айналысуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын қалыптастырып, ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек.
Құрылыс жұмыстарын «Sharbak» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ал, техникалық қадағалау міндеті «Qazaqstan Expert» мекемесіне жүктелген. Мамандардың айтуынша, нысан құрылысы белгіленген талаптарға сай жүргізіліп жатыр.
Спорт залдың құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жоспарға сәйкес, нысан жақын арада пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етпек.
Нысанды аралау барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаев құрылыс сапасына, материалдардың талапқа сай болуына және жұмыстың мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.



