Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елдегі барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кері байланысын күшейтуге, тұрғындардың талап-тілегін ескеруге және өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге басымдық беріліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Ордабасы ауданында да жүйелі түрде жалғасуда.
Жақында аудан әкімі Азат Оралбаев Жеңіс ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесу өткізіп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Кездесу барысында ауылдық округтегі инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, көше жарығын орнату, ауызсу жүйесін жақсарту және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындарға таныстырылды. Аудан басшысы әрбір елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсарту басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Жиында аудан әкімінің бұған дейінгі кездесуінде тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы да сөз болды. Соның бірі – Жеңіс ауылындағы мәдениет үйінің ішкі бөлігін жаңғырту мәселесі. Қазіргі таңда аталған нысанға қажетті орындықтар, перделер және өзге де әрлеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар биыл жүзеге асырылатын болды. Бұл ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін жандандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Жамбыл көшесін асфальттау және жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатыны айтылды. Аталған жобалар ауыл ішіндегі көлік қозғалысын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне оң әсерін тигізбек.
Жеңіс ауылдық округіне қарасты Дихан ауылында да маңызды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, маусым айында бастауыш мектептің құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, бұған дейін ауылда балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан басшысы Дихан ауылын газдандыру бойынша сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқанын жеткізді.
Ауылдағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі – спорт кешенінің құрылысы да тұрғындар назарынан тыс қалмады. Жиында бұл нысанның құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, Р-5 және Р-6 каналдарының жай-күйі талқыланып, оларды бетондау бойынша тиісті шешімдер қарастырылып жатқаны мәлім болды.
Аудан әкімі ауылдың тазалығы мен көркеюі баршаға ортақ жауапкершілік екенін ерекше атап өтті. Ол тұрғындарды аулаларды таза ұстап, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, елді мекендерді жасыл желекке айналдыру мақсатында ағаш отырғызудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында тұрғындар тарапынан Бестам ауылына тас төсеу мәселесі де көтерілді. Аудан басшысы бұл жоба бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, қаржы қарауға ұсынылатынын жеткізді. Сондай-ақ, кездесуде жеке жер теліміне қатысты заңсыздықтар жөнінде мәселе қозғалды. Тұрғындардың бірі өз өтінішін айтып, мәселені заң аясында қарауды сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселені тиісті сала жетекшілеріне тапсырып, заң талаптарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына қатысты агроном маманының штатын енгізу жөнінде ұсыныс айтылды. Аудан әкімі ауыл әкімдігінде арнайы агроном штаты қарастырылмағанымен, бұл міндет тиісті мамандардың функционалдық қызметіне кіретінін түсіндірді. Дихан ауылындағы ауызсудың сапасы мен жол мәселесі де кездесуде назардан тыс қалмады. Аудан басшысы ауызсуды тазарту және жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынатынын атап өтті.
— Ауданда 57 елді мекен бар. Жеңіс ауылы — солардың ішіндегі маңызды елді мекендердің бірі. Сондықтан бұл аймаққа ерекше көңіл бөлініп, тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер кезең-кезеңімен орындалатын болады, — деді Азат Оралбаев.
Ашық форматта өткен есепті кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді еркін көтеріп, аудан басшысынан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде.



