Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен туризм саласын дамытуға айрықша мән беріп келеді. Президент елдің қасиетті орындарын халықаралық деңгейде танытып, туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан өңірінде қарқынды жүзеге асып келеді.
Осы орайда Отырар ауданында «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры ұйымдастырылды. Тағылымы терең іс-шараны «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы өткізді. Іс-шараға жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, интернет-басылым журналистері және музей-қорықтардың баспасөз хатшылары қатысты.
Тағылымды шараның басты мақсаты – Отырар алқабының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, өңірдің туристік әлеуетін жаңа қырынан таныту және медиа өкілдері арасында тиімді ақпараттық байланыс орнату болды.
Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен ғасырлар сырын бойына бүккен қасиетті Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, мұнда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты. Кесене ішіндегі төсеніштер жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құрбандық шалу орны жабдықталуда. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібекке арналған кесенеде де алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
Бұдан кейін туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған Сапар орталығының жұмысы таныстырылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орталықта келушілерге арналған қолайлы инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ орталық жанынан археологтар мен ғалымдарға арналған екі қабатты арнайы жатын орын салынған. Қатысушылар тарихи экспозициялар мен бірегей жәдігерлерді тамашалап, өңір туризмін дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарға оң бағасын берді.
Іс-шара барысында көне өркениеттің куәсі саналатын Отырар қалажұртына барып, тарихи-археологиялық маңызы зор ескерткіштермен танысты. Көне шаһардың тарихынан сыр шертетін нысандарға шолу жасалып, Отырардың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды мәдени әрі сауда орталығы ретіндегі тарихи рөлі кеңінен баяндалды.
Сонымен қатар қатысушылар «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңартылған экспозициялық залдарын аралап, 2025 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұл тың жәдігерлер көне Отырар тарихының тереңдігін айқындап, өңірдің ғылыми әрі мәдени маңызын арттыра түсті.
Баспасөз туры аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен тарихи нысандарға орнатылған заманауи турникеттер мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат беретін QR-код жүйелері таныстырылды. Мұндай цифрлық мүмкіндіктер туристерге тарихи орындар туралы жан-жақты әрі қолжетімді ақпарат алуға жол ашады.
Шара барысында Отырар өңірінің туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Айта кетейік, бұл баспасөз туры Отырар алқабының тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды ақпараттық алаңға айналды. Көне тарих пен заманауи мүмкіндіктер үндескен Отырар алқабы бүгінде ұлттық мұраны ұлықтайтын әрі халықаралық туризмді дамытуға әлеуеті зор киелі мекен ретінде жаңа қырынан танылып келеді.



