Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және табиғи ресурстарды қорғау мәселелерін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап келеді. Президент тапсырмаларына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында да жүйелі жалғасуда. Өңірде орман және дала өрттерімен күрес, олардың алдын алу шаралары мен өрт қауіпті кезеңге дайындық мәселелері ерекше бақылауға алынған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Мәжілісте орман, дала және егістік алқаптарындағы өрттердің таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Биыл облыс бойынша минералданған жолақтар жүргізудің жалпы ұзындығы 9 602,49 шақырым болатын жоспары бекітілген. Бекітілген жоспардың бірінші кезеңі толық орындалып, көрсеткіш 100 пайызға жетті.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бекітілген жоспарларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырып, орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Сонымен қатар минералданған жолақтарды жүргізу барысын тұрақты бақылауда ұстау, өрт қауіпті кезеңде күштер мен құралдардың дайындық деңгейін арттыру, қажетті техника мен жанар-жағармай қорын толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдің өрт қауіпті маусымға дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, орман және дала өрттерін сөндіру үшін департаменттен 340 қызметкер, 70 бірлік техника және бір тікұшақ жұмылдырылған. Әуе техникасы арқылы су алу үшін облыс аумағында 10 арнайы су алу орны белгіленген. Сондай-ақ өңірдегі 12 орман шаруашылығы мекемесі өрт қауіпті кезеңге толық дайындыққа келтірілген.
Өрт қауіпті маусым басталғалы бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға қатысты 95 әкімшілік шара қолданылған. Ал 2025 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 10 өрт сөндіру пункті ашылған. Бүгінгі күнге дейін аталған бекеттердің күшімен 25 өрт және жану оқиғасы сөндіріліп, тиісті құтқару жұмыстары жүргізілген.
Шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында бағдарлама әрі қарай жалғасып келеді. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Түркістан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Санжар Бурлибаевтың мәліметінше, өңірде 37 маусымдық өрт бекетін құру жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың 33-і іске қосылған.
Жыл басынан бері облыс аумағында орман өрті тіркелмеген. Сонымен қатар «Сайрам-Өгем» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде өрттердің алдын алу және оларды ерте анықтау мақсатында заманауи бақылау жүйелері орнатылуда.
Қазіргі таңда облыстың орман қоры аумақтарында 39 өрт сөндіру автокөлігі, 12 трактор, 25 патрульдік автокөлік, 52 тіркеме, 71 қосалқы техника, 7 мотоцикл, 6 мобильді кешен және 1552 өрт сөндіру құралы бар. Бұдан бөлек, мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 2648 адамнан тұратын 14 ерікті өрт сөндіру құрылымы жасақталған.
Жазғы өрт қауіпті кезеңде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кезеңдік іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Өңірде орман мен дала өрттерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.



