Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару және қайта өңдеу саласын дамыту мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу, қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын кеңейту және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі – Түркістан облысындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының дамуы.
Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ТҚҚ) басқару және қайта өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдаумен айналысса, 15 кәсіпорын қалдықтарды сұрыптаумен, 5 кәсіпорын қайта өңдеумен айналысады.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылып, журналистер Кентау қаласындағы «Қаратау Полимер» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты.
2016 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның негізгі бағыты – пластик қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу арқылы оларды қайта пайдалануға жарамды шикізатқа айналдыру. Кәсіпорын басшысы – кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанұлы.
«Қаратау Полимер» ЖШС тұрмыстық пластик қалдықтарды, соның ішінде пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып қана қоймай, өндірілген өнімді экспортқа шығару арқылы экономикалық тиімділікке қол жеткізіп отыр. Жобаның жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 1 500 тоннаны құрайды. Бүгінде мұнда 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады.
– Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы Ұлықбек Рахымжанұлы.
Мұндай өндірістер өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар «жасыл экономика» қағидаттарын ілгерілетудің нақты көрінісі болып отыр.
Айта кету керек, «Түркістан облысын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жоспары» аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру көрсеткіші бекітілген. 2025 жылы облыс бойынша 87 552 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 27 140 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Нәтижесінде қайта өңдеу үлесі 31 пайызды құрап, жоспар толық орындалды. Ал биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу көзделіп отыр.



