Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Президент тапсырмасына сәйкес бұл бастамалар бір реттік акция емес, қоғамның тұрақты өмір салтына айналуы тиіс. Осыған орай Түркістан қаласында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні кең көлемде аталып өтті.
Жыл сайын 5 маусымда бүкіл әлемде атап өтілетін айтулы күнге орай Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыру және қоғам назарын қоршаған ортаның өзекті мәселелеріне аудару.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады.
– Баршаңызды 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Табиғат – ата-бабамыздан мирас болып қалған баға жетпес байлық, келер ұрпаққа аманат етер асыл қазына. Оны қорғау, сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ ол экологияны жақсартуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттап, құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
Іс-шара барысында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Атаулы күн аясында саябақ аумағында әктеу, сырлау және тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға жалпы 500-ге жуық адам қатысып, нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Айта кету керек, бұл халықаралық экологиялық күн 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен адамзат пен табиғаттың үйлесімін сақтау мақсатында бекітілген. Бүгінде Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
Жалпы Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі экологиялық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, жақында өткен «Тазалық марафонына» 19 мыңнан астам тұрғын мен волонтер қатысып, 6 295 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 490 гектар аумақ тазартылып, 246 тонна қоқыс шығарылды.
Түркістан өңірінде атқарылып жатқан бұл бастамалар табиғатты қорғау мәдениетін нығайтып, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.



