Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындап келеді. Осыған сәйкес азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарау, ашықтық пен тиімді кері байланыс орнату бағытында еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында да тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Бүгін Азаматтарды қабылдау орталығында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға келген азаматтар тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, жер қатынастары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласының тұрғыны тұрғын үйін кепілдіктен босату мәселесін көтерсе, тағы бір қала тұрғыны әлеуметтік көмек көрсету жөнінде өтініш білдірді. Сондай-ақ Сауран ауданынан келген бір топ азамат су қоймасын салу, суағар жүйесін дамыту және ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие алу мәселелерін ортаға салды. Бұдан бөлек, жеке қабылдауға жүгінген тұрғындар кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін алу мәселесін де көтерді.
Қабылдау барысында айтылған мәселелер жан-жақты қаралып, заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын бақылауда ұстайтынын жеткізді. Бірқатар мәселе сол жерде оң шешімін тапты.
Түркістан облысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, оларды заң аясында шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарларының жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі үйлестіреді. Азаматтар egov.kz порталы, «е-Өтініш» бірыңғай жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына жазбаша өтініш қалдыру арқылы қабылдауға жазыла алады.



