Ауыл шаруашылығы саласы қашанда мемлекет назарындағы стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы дамыту мәселесіне ерекше мән беріп келеді.
– «Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргізіп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді», – деген болатын Президент.
Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Сауран ауданында ауқымды инвестициялық жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Үшқайық ауылдық округінде салынып жатқан заманауи мал бордақылау алаңы. Жуырда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барып, құрылыс барысымен танысты. Аталған жоба өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ет өндірісінің көлемін ұлғайтуға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Жобаның жалпы аумағы 9,7 гектарды құрайды. Мұнда мал бордақылау ісін тиімді ұйымдастыру үшін қажетті өндірістік және қосалқы мақсаттағы 14 нысан салу жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында негізгі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымдарды тарту, өндірістік ғимараттардың іргетасын қалау және қажетті құрылыс нысандарын тұрғызу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 1,1 миллиард теңгені құрайды. Бұл – аудан экономикасына тартылған ірі инвестициялардың бірі. Мамандардың айтуынша, кешен толық іске қосылғаннан кейін мал бордақылаудың заманауи технологиялары енгізіліп, өңірдегі ет өндірісінің көлемі айтарлықтай артады. Сонымен қатар, жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да оң ықпал етпек. Нысан пайдалануға берілген кезде 42 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың табысын арттырып, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы керектігін атап өтті. Ол құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай ірі жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға зор мүмкіндік бермек.



