Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға ерекше мән беріп келеді. Президент өз Жолдауларында жол сапасын арттыру, ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірлерінде жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Ордабасы ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алып келеді. Әсіресе, Бадам ауылдық округінде тұрғындардың ұсыныстары негізінде қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың халықпен кездесулерінде көтерілген өзекті мәселелердің бірі ауылішілік көшелердің сапасын жақсарту болатын. Тұрғындардың өтініштері назарға алынып, бүгінде Орда мөлтек ауданындағы бірқатар көшелерге асфальт төсеу жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда Пірмаханбетов және Шенгелов көшелерінде жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жолдарға асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жолдың сапасы мен құрылыс талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөліп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды көздеп отыр.
Жалпы алғанда Бадам ауылдық округінде 93 көше бар болса, олардың жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Ауылдың жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Орда мөлтек ауданындағы 15 көшенің жетеуін асфальттау жоспарланған. Қалған көшелер бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасатын болады.
Жол құрылысы тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Әсіресе, мектеп оқушылары мен тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасау – атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсатының бірі.
Сонымен қатар, Бадам ауылдық округіне қарасты Мамыр ауылында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, көше жарығын орнату және аяқ жол салу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін қолайлы жағдай жасалды. Алдағы уақытта ауылдағы 1,2 шақырым көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа жолдар мен заманауи инженерлік нысандардың салынуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдардың көркеюіне және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюына ықпал етпек.



