Өңірлерді дамыту және елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлердің әлеуетін арттырумен тікелей байланысты екенін үнемі атап келеді. Әсіресе, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Президент назарындағы маңызды міндеттердің қатарында.
Осы бағыттағы жұмыстар Сарыағаш ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ауданға қарасты Қабланбек ауылдық округі аумағында қуаттылығы 5 мегаватт болатын шағын электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған.
Жуырда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысан басында аудан басшысы «Ынтымақ» АӨК өкілі Бекжан Қалыбековпен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу кезеңдері мен алдағы жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығы айтылып, нысанды іске қосу бойынша жоспарланған жұмыстар сараланды. Сонымен қатар, жоба толық аяқталғаннан кейін оның өңір үшін беретін мүмкіндіктері де сөз болды.
Сондай-ақ, жаңа нысанның пайдалануға берілуі қосымша жұмыс орындарының ашылуына жол ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті инфрақұрылымның одан әрі жетілуіне ықпал етпек. Жалпы, Қабланбек ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдің энергетикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды нысандардың бірі болып табылады.



