Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы еліміз бойынша кең қолдау тауып келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының Қазығұрт ауданында да жүйелі түрде жалғасуда.
Жуырда Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, оған аудан тұрғындары белсенді қатысты. Тазалық шарасы аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтерде бір мезетте өткізілді.
Ауқымды экологиялық акцияға мемлекеттік қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмыла қатысты. Сенбіліктің басты мақсаты аудан аумағының тазалығын қамтамасыз ету, қоғамдық орындарды ретке келтіру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға үндеу болды.
Сенбілік барысында көшелер мен тұрғын үй аулалары, саябақтар, гүлзарлар, әлеуметтік нысандардың айналасы және қоғамдық орындар тазартылды. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар, тазалық жұмыстары аясында қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, көшелердің көркін бұзатын өсімдік қалдықтары шығарылды. Су арналарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында арық-атыздар тазаланып, ретке келтірілді. Бұл жұмыстар елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтаумен қатар, көктемгі және күзгі мезгілдерде су өткізу жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сенбілік барысында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Қоғамдық орындардың айналасы ретке келтіріліп, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген полигондарға жеткізілді. Тазалық шараларының тиімді ұйымдастырылуы нәтижесінде ауданның көптеген аумағы көркейіп, санитарлық жағдайы жақсарды.



