Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тұрғындарды табиғатты аялауға, туған жердің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін игі шаралар кеңінен қолға алынуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Келес ауданында ауқымды экологиялық сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру және туған өлкенің тазалығына деген жауапкершілікті қалыптастыру. Сонымен қатар, мұндай шаралар қоғамда табиғатты қорғау мәдениетін нығайтып, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға ықпал етеді.
Сенбілік барысында аудан аумағындағы ішкі көшелердің бойындағы арық-атыздар тазаланып, қоқыс қалдықтарынан аршылды. Су өткізу жүйелерін ретке келтіру жұмыстары елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, алдағы уақытта жауын-шашын мен су ағымдарының кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауданның барлық ауылдық округтерінде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық орындар, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым объектілерінің аумақтары тазартылып, ретке келтірілді. Жол бойындағы бордюрлар әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізіліп, көшелердің көркі жаңартылды.
Экологиялық акцияға аудан тұрғындары белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Жалпы тазалық шарасына аудан бойынша 1200 адам жұмылдырылып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау үшін 18 арнайы техника тартылды.
Ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде көптеген көшелер мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы жақсарып, елді мекендердің эстетикалық келбеті жаңарды. Тұрғындардың ортақ іске белсенді қатысуы қоршаған ортаны қорғау мәселесінің қоғам үшін маңызды екенін көрсетті.



