Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін өркендету, инвестиция тарту және шикізатты терең өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды ұлғайту арқылы өңірлердің әлеуетін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы міндеттер аясында еліміздің әр өңірінде ірі индустриялық жобалар жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Түркістан облысының Мақтаарал ауданында бой көтеріп жатқан «Мақтаарал XingFeng» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта майы мен өсімдік майын өндіретін заманауи зауыты. Бұл жоба ауданның индустриялық дамуына тың серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.
Жаңа кәсіпорын арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өндірістік кешендердің біріне айналмақ. Жобаның жалпы инвестициялық құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі қарқынды жүргізілуде. Мамандардың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Өндірістік ғимараттардың негізгі бөліктері салынып, заманауи технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары басталған. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақты қажетті инженерлік және инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз ету шаралары қатар жүзеге асырылуда.
Сарапшылардың пікірінше, жобаның табысты жүзеге асуына Мақтаарал ауданының географиялық орналасуы маңызды артықшылық береді. Өйткені, аудан еліміздегі мақта шаруашылығы кеңінен дамыған негізгі өңірлердің бірі саналады. Өндіріс орнының шикізат көздеріне жақын орналасуы тасымалдау шығындарын азайтып, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауданның шекаралық орналасуы мен көлік-логистикалық әлеуетінің артуы кәсіпорын өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Қазіргі таңда аудан аумағына теміржол желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескерсек, бұл жоба алдағы уақытта экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, халықаралық сауда байланыстарының дамуына оң әсерін тигізеді.
Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұлдың айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы аудан экономикасына бірнеше бағытта оң ықпал етеді. «Біріншіден, жергілікті мақта өндірушілер үшін өнім өткізудің жаңа нарығы қалыптасады. Екіншіден, мақтаны бастапқы өңдеумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік туады. Үшіншіден, ауданның өндірістік әлеуеті артып, бюджетке түсетін салық көлемі көбейеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен бірге, кәсіпорынның қызметі көлік, логистика, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді бөлім басшысы.
Жалпы мұндай өндірістік жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан гөрі оларды өңдеп, дайын өнім түрінде нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өңір экономикасының тұрақтылығын күшейтіп, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бүгінде Мемлекет басшысының инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан «Мақтаарал XingFeng» зауыты ауданның индустриялық әлеуетін арттыратын маңызды жобалардың бірі саналады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірдің инвестициялық тартымдылығы күшейіп, жаңа өндірістерді орналастыруға қосымша мүмкіндіктер пайда болады.



