Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту. Осыған орай, Сайрам ауданында кезекті санитарлық-тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық шараларына аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Негізгі сенбілік жұмыстары Жібек Жолы ауылдық округіне қарасты Машат ауылында өтті. Ауқымды тазалық шарасына 300-ге жуық тұрғын қатысып, 6 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 4 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы қоқыс полигондарына шығарылды.
Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, жол жиектері ретке келтірілді. Сонымен қатар, арық-атыздар аршылып, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың аумақтарында санитарлық жұмыстар жүргізілді. Мұндай шаралар елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ауданның барлық 11 ауылдық округінде де санитарлық-тазалық жұмыстары қатар ұйымдастырылды. Әрбір елді мекенде көшелерді тазалау, арамшөптерді отау, қоғамдық орындарды ретке келтіру және абаттандыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. Жалпы аудан көлемінде өткен сенбілікке 2987 адам қатысып, 13 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсартылды.
Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізілетін тазалық шаралары аудан тұрғындарының қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі бастамалар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға мүмкіндік береді.



