Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстар-ын сапалы жүзеге асыру мақсатында Кентау қаласында сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту курстары өтіп жатыр.
Түркістан облысы, Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылға арналған сайлау комиссиялары мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жоспарына, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау науқанын ұйымдастырып өткізу жоспарына сәйкес, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, хатшылары мен комиссия мүшелеріне каскадтық тәсілмен оқу курстары жүргізілуде.
Кентау қалалық Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен кезекті ақпараттық-заңнамалық каскадтық оқу «Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауын өткізудегі сайлау комис-сияларының іс-әрекетіндегі заңнамалық аспектілер» тақырыбына арналды. Оқу жұмысына №39, №40, №46, №47, №48, №49, №54, №55, №56 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, хатшылары мен комиссия мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Ұлан Шайзада сайлау комиссияларының қызметін реттейтін негізгі заңнамалық нормаларға кеңінен тоқталды. Ол Қазақстан Республикасында сайлау комиссияларының жұмысы Конституция және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті.
– Сайлау комиссиялары сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік органдар жүйесінің бірі болып табылады. Комиссия мүшелері өз қызметінде тәуелсіздік, заңдылық, жариялылық және бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс, – деді Ұ.Шайзада.
Оқу барысында сайлау комиссияларының құқықтық мәртебесі, олардың деңгейлері мен өкілеттіктері жан-жақты түсіндірілді. Қазақстандағы сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары және учаскелік сайлау комиссияларынан тұрады. Әрбір комиссия өз құзыреті шегінде жұмыс атқарып, жоғары тұрған комиссиялардың шешімдерін орындауға міндетті.
Сондай-ақ сайлау комиссияларының негізгі міндеттері туралы айтылды. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру және өткізу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, кандидаттарды тіркеу, дауыс беруді ұйымдастыру, бюллетеньдерді есепке алу, дауыс беру нәтижелерін анықтау және сайлау қорытындыларын жариялау мәселелері түсіндірілді.
Заң талаптарын сақтау – сайлау процесінің маңызды бағыттарының бірі. Комиссия мүшелері Конституциялық заң нормаларын қатаң сақтауға міндетті. Заң бұзушылықтарға жол берген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік, тәртіптік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны айтылды. Сонымен қатар, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктеріне де ерекше назар аударылды. Заңнамаға сәйкес сайлауға байқаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және кандидаттардың сенімді өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беріледі. Бұл сайлау науқанының ашық әрі әділ өтуіне ықпал етеді.
Оқу барысында азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау, өтініштер мен шағымдарды қарау тәртібі, сондай-ақ халықаралық сайлау стандарттарын сақтау мәселелері де қамтылды. Сайлау комиссиялары әрбір азаматтың сайлауға қатысу, дауыс беру және өз таңдауын еркін білдіру құқықтарын қамтамасыз етуі қажет екені түсіндірілді.
Курс соңында Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бектемір Ибадуллаев сайлау құжаттарын дұрыс рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды.
– Құжаттармен сауатты жұмыс жүргізу, хаттамалар мен актілерді талапқа сай толтыру – сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуының басты кепілі. Сондықтан әрбір комиссия мүшесі өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді Б.Ибадуллаев.
Оқу барысында учаскелік сайлау комиссиясының жұмысы, сайлау күні дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі сияқты маңызды мәселелер қаралды.
Ұ.Назарұлы.
Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы



