Алдағы сайлауды ұйымдастыру және азаматтардың дауыс беру құқығын толық жүзеге асыру мақсатында Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда қала аумағында 56 756 сайлаушы тіркелген.
Сайлау учаскелері тарапынан сайлаушыларға дауыс беру күні, уақыты және орны туралы ақпарат беретін шақыру қағаздарын тарату жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар 7 тамыз күні басталып, 13 тамызда аяқталады.
Шақыру қағаздарын тұрғындарға жеткізу міндеті сайлау учаскесі төрағаларының орынбасарлары мен учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне жүктелген. Комиссия мүшелері әрбір сайлаушының мекенжайына барып, шақыру қағаздарын табыстап, сайлау барысына қатысты қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сайлау комиссияларының негізгі міндеттерінің бірі – сайлау процесінің ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қолайлы жағдай қалыптастыру. Осы бағытта учаскелік комиссия мүшелері тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, сайлауға қатысу тәртібі бойынша ақпарат беруде.
Шақыру қағазын алу – сайлаушы үшін дауыс беру орны туралы нақты мәлімет алудың бір жолы. Дегенмен, шақыру қағазы болмаған жағдайда да азаматтар жеке басын куәландыратын құжат арқылы өз учаскесіне барып, дауыс бере алады.
Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясы



