Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Президент қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамның экологиялық санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамға айналды.
Аталған бастама аясында Түркістан облысы Төлеби ауданында да қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда ауданда кезекті тазалық және көркейту шарасы ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, тұрғындар, мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер мен түрлі сала өкілдері белсенді қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – туған өлкенің тазалығын сақтау, қоғамдық орындардың көркін арттыру, жасыл желек көлемін көбейту және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру. Бұл жолы қатысушылар белгіленген аумақтарға бөлініп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Әрбір азаматтың ортақ іске атсалысуы туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісіне айналды.
Іс-шара барысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы қоршаған ортаның тазалығы мен табиғатты қорғау тек белгілі бір мекемелердің немесе жауапты қызметтердің міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік науқанмен шектелмеуі керек. Керісінше, тазалық сақтау, айналаны күтіп ұстау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау әрбір адамның күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Аудан басшысы осы бағытта белсенділік танытып, туған өлкенің көркеюіне үлес қосып жүрген тұрғындарға ризашылығын білдірді.
Тазалық жұмыстары барысында белгіленген аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, көшелердің бойындағы ағаштар әктелді. Сонымен қатар электр бағаналары сырланып, айналаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Арнайы бөлінген жерлерге жас көшеттер отырғызылып, елді мекендердің жасыл желекпен көмкерілуіне басымдық берілді.
Көгалдандыру жұмыстарының нәтижелі болуы үшін көшет отырғызумен қатар, оларды күтіп-баптау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта су арналары ашылып, арық-атыздардың су өткізу жүйесі қалпына келтірілді. Бұл жас көшеттердің қажетті ылғалмен қамтамасыз етіліп, жерсінуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өйткені көгалдандыру жұмыстарының тиімділігі тек ағаш отырғызумен емес, оның кейінгі күтімімен және сақталуымен де өлшенеді.
— Жалпы, мұндай шаралардың маңызы тек көшелер мен қоғамдық орындарды тазартумен шектелмейді. Ол тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, өскелең ұрпаққа табиғатты аялаудың үлгісін көрсетеді. Әсіресе жастар мен еріктілердің белсенді қатысуы экологиялық тәрбиенің маңызын арттыра түседі. Туған жердің табиғатын қорғау, айналаны таза ұстау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау сияқты қарапайым қағидалар қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы қажет. «Таза Қазақстан» – тек тазалық акциясы емес, ол қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған ортақ қозғалыс. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстап, көшесіне жанашырлық танытып, табиғатты қорғауға үлес қосқанда ғана бұл бастаманың нәтижесі айқын көрінеді. Тазалық бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде жауапкершілік қалыптасады. Төлеби ауданында экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді көбейту және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді іс –шараны ұйымдастырушылар.



