Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және көгалдандыру мәдениетін қалыптастыру бағытындағы маңызды қоғамдық қозғалысқа айналды. Президент атап өткендей, табиғатқа жанашырлық таныту мен туған жердің тазалығын сақтау әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы орайда Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да экологиялық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Кезекті жалпыаудандық сенбілікке аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер мен түрлі сала өкілдері белсенді қатысты. Игі шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру.
Сенбілік барысында аудан аумағында 19 500 түп қара ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы экологиялық шараға 1500-ге жуық адам қатысып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Қатысушылар белгіленген аумақтарды тазалап, арық-атыздар мен су арналарының бойындағы қоқыстарды жинады. Сонымен қатар көшет отырғызылған жерлердің айналасы ретке келтіріліп, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Көшеттердің дұрыс жерсініп, жақсы өсуіне жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта ағын судың жүру жолдары ашылып, арықтардың су өткізу мүмкіндігі реттелді. Бұл жаңадан егілген жасыл желектерді уақытылы суаруға және олардың күтімін жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
— Айта кету керек, ағаш отырғызу – қоршаған ортаны қорғаудың бір жолы ғана емес, келешек ұрпаққа жасыл әрі таза мекен қалдыруға бағытталған маңызды іс. Әсіресе, климаттық жағдайы ыстық әрі құрғақ өңірлерде жасыл желек көлемін арттырудың маңызы зор. Сондықтан егілген көшеттердің сақталуы мен күтіміне тұрақты бақылау жүргізу ортақ міндет болып саналады. «Таза Қазақстан» акциясының басты ерекшелігі – тазалықты бір реттік науқан емес, қоғамның тұрақты мәдениетіне айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындардың, жастардың және еңбек ұжымдарының белсенді араласуы туған жерге деген жанашырлықты арттырып, ортақ жауапкершілікті нығайтады, — дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.



