Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту және өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бұл бағытта жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зиянды әдеттердің алдын алу және олардың бойында жауапкершілік пен саналы таңдау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Осы мақсатта Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп», «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламалары аясында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» атты көркем шығарма жазу байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты рәсімде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов сөз сөйлеп, байқауға қатысқан жас қаламгерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ жастарды есірткі мен өзге де зиянды әдеттерден аулақ болуға, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Шығармашылық байқаудың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткінің зияны туралы түсінікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және өскелең ұрпақты жарқын болашақ жолында дұрыс таңдау жасауға үндеу.
Байқауға 12-17 жас аралығындағы 34 үміткер қатысып, есірткісіз өмір, денсаулық, адамгершілік және жарқын болашақ тақырыптарында өз шығармаларын ұсынды. Қатысушылардың туындыларын айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Сәуле Мағжаннан құралған қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Ғ. Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Нұртілеу Әбдіәліге бұйырды. Бірінші орынды Нұрмахан Пермахан мен Аруна Иса иеленсе, екінші орын Талшын Жарылқасын мен Жания Саттарға табысталды. Ал үшінші орын төрт қатысушыға берілді. Бұдан бөлек, 12 арнайы номинация бойынша үздік деп танылған шығармалардың авторлары да марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
— Мұндай шығармашылық жобалар жасөспірімдердің қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауына, өз ойларын көркем тілмен жеткізуіне және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруына ықпал етеді. Ең бастысы, есірткісіз қоғам құрудың негізі әрбір жасөспірімнің саналы таңдауынан басталатынын ұғындырады. Жастардың дені сау, ойы сергек, болашағы жарқын болуы – қоғамның ортақ мақсаты. Сондықтан есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, отбасы, білім беру ұйымдары мен жалпы қоғам болып атсалысатын маңызды бағыт, — дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.



